Жиында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі кеңінен сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2025-2026 оқу жылында шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның арасында 206 мың орындық 112 мектеп "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылмақ.
Оқу-ағарту министрі баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бағдарлама қабылданатынын атап өтті.
– Жыл соңына дейін Президент тапсырмасына сәйкес, "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасы қабылданады. Қазіргі уақытта бағдарламаның жобасы әзірленуде. Ол балалардың мүддесін жан-жақты ескеретін 7 стратегиялық бағытты қамтиды, – деді ол.
Еліміздің бас ұстазы мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.
– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 11800-ге жуық білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен қамтылуы тиіс. Бүгінгі күні республика бойынша мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырудың орташа көрсеткіші жаман емес. 98 пайызында турникеттер бар, 96 пайызында дабыл түймесі орнатылған, 81 пайызы полицияның жедел бақылау орталықтарына қосыылған, 97 пайызында лицензияланған күзетпен шарт жасалған. Биыл күзетшілерге қойылатын біліктілік талаптар да күшейтілді, - деп қоса кетті Ғани Бейсембаев.