Еліміздің шығысында көмір тасымалы қайта жанданды

155

Соңғы аптаның ішінде қатты отынға сұраныс артты.  

Еліміздің шығысында көмір тасымалы қайта жанданды Фото: rail-news.kz

Осыған орай семейлік теміржолшылар қыс түскелі сәл саябырсып қалған көмір тиеу мен жеткізу ісіне басымдық беріп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.    

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Семей ЖТ бөлімшесінде көмір тасымалы жоспарға сай көлемде толық орындалып, жалпы көлемі 6 млн тоннадан астам отын тасымалданды. Оның 4 833 300 тоннадан астамы ішкі тұтынушыларға жеткізілген. Ал қалғаны байтақ еліміздің өзге аймақтарындағы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жөнелтілген. Сол тәрізді жоғары сұрыпты "Д" маркалы көмір өзге елдерге экспортталған.

– Жалпы 2025-2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық өткен жаздың басында басталған болатын. Әуелгі кезекте негізгі әріптес, жүк жөнелтуші "Қаражыра" АҚ-ның бөлімшеге көмір тиеуге арналған бос жылжымалы құрамдарды дер кезінде жеткізу туралы "Қазтеміртранс" АҚ-мен бірлесіп жасаған келісімі әлі де өз күшінде. Соның нәтижесінде көмір тиеу мен жөнелту жоспарға сай және толық көлемде орындалуда. Контейнерлік тасымал артып келеді. Сонымен бірге әлбетте жүк жөнелтушінің, тасымалдаушының және жүк вагондары иелерімен арадағы тиімді жұмыстардың негізінде биылғы жылыту маусымы басталғанға дейін-ақ аймақтағы жылу орталықтарында отынның минималды қоры жасалған болатын, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Алмас Сейсемқанов.

Жалпы өткен тамыз айынан бастап күрт қарқын алған қатты отын тасымалы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Тасымал үдерісінің барлық сатысынан бастап көмір операторларының жұмысына дейін арнайы құрылған жұмыс тобының назарында тұр.

Қазіргі күні ел шығысында аяз күшіне мінді. Бірер күнде жергілікті халық тілімен айтқанда "қыс шілдесі" басталады. Демек, аймақ бойынша қатты отынды тұтыну көлемі де күрт артып, қолда бар қор біршама сарқылып, сұраныс та арта түсуі қалыпты жағдай.

Осыған сай теміржолшылар қауымына түсетін жүктеме де артып отыр. Көмір тиеу мен вагондарды сұрыптау жұмыстары жүргізілетін тораптық Дегелең, Жаңа-Семей, Семей сынды іргелі жүк станцияларындағы техникалық-өндірістік процестер қалыптасқан ахуалға байланысты күрделене түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу