Еліміздің солтүстік аймағында ет өндірісі кластері құрылады

1945

Макинск Қазақстан халқының 30 пайызын құс етімен қамтамасыз етеді.

Еліміздің солтүстік аймағында ет өндірісі кластері құрылады

Былтыр Қазақстан 19,9 мың тонна сиыр, 3 мың тонна қой, 400 мың тонна шошқа және 146 мың тонна құс етін экспорттады.

Бұл бағытта Ақмола облысындағы "Aitas KZ" АҚ көш бастады. Қазір аталмыш компанияның жергілікті өндірушілер арасындағы өнімділік көрсеткіші 17 пайызды құрап отыр. Акционерлік қоғам 2018 жылы Макинск құс фабрикасын іске қосты. Жыл соңына дейін фабрика 50 мың тонна құс етін өндіруге тиіс. Алдағы 3-4 жылда бұл көрсеткіш 150 мың тоннаға жеткізіледі. Ең бастысы Макинск құс фабрикасы негізінде еліміздің солтүстік аймағында ет өндірісі кластері құрылады.

"Бүгінгі жиын саладағы кемшіліктерді көрсетіп, қордаланған түйткілдердің түйінін тарқатуға түрткі болды. Бізді өңірді дамытудағы ортақ жұмыстар қызықтырды. Инвестиция тарту мен дамуда Макинсктің әлеуеті зор. Бұған былтыр атқарылған шаруалар дәлел",– деді Макинскте өткен форумда "Aitas KZ" АҚ бас директоры Серік Толықпаев.

Еліміздің солтүстік аймағында ет өндірісі кластерін құру үшін ет өндіруші және ет өңдеуші компанияларға қолдау көрсетіледі.

Ет кластерінің барлық қатысушысы "Aitas KZ" құрған бизнес аумағын тұрақты дамыту қорынан кепілді көмекке ие болады.

"Біз құрған қор ет кластерінің үйлестірушісі болады. Ол Макинск қаласында бизнес құруға ниетті әрбір адамға қолдау көрсетеді. Агро саладағы жобалардан бөлек, қор аумақты дамыту мәселелерін де реттейді. Қазір адами капиталды дамыту және өмір сүруге лайықты жағдай жасау бойынша әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Біз кәсіпкерлерді Макинскке қаржы құйып, бізбен бірге дамуға шақырамыз", – деді бизнес аумағын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Басқосу барысында ет кластерінде кездесетін қиындықтар, қой, құс етін өндіру мен сатуды ұйымдастыру, халықаралық байланыс және басқа да мәселелер талқыға салынды.

Айта кетейік, "Aitas KZ" – "Aitas" холдингінің басқарушы компаниясы. Оның құрамына өсімдік өндірісі, құс етін өндіру мен өндеу, дистрибуция, жобалау және құрылыс бойынша 11 кәсіпорын кіреді.

"Айтас KZ" АҚ компаниясы құрған бизнесті тұрақты дамыту қоры ет кластерінің қатысушыларына қайтарымсыз көмек көрсетеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу