Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 28 маусым күні елдің басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал. Республиканың тек батысы мен оңтүстігінде сәрсенбі күні жауын-шашын болмайды, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
Атап айтқанда, Павлодар, Ақмола облыстарының кей жерлерінде түнде жел 15-20 м/с күшеюі мүмкін. Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, түнде Қарағанды облыстарының жекелеген аумағында желдің жылдамдығы 15-20 м/с күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал. Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, күндіз Қостанай облыстарының жекелеген аймағында желдің екпіні 15-20 м/с артады. Күндіз Атырау облысында, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерінде қатты ыстық болуы мүмкін. Сондай-ақ күндіз Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей аумақтарында жоғары өрт қаупі сақталады.