Біз "Таза Қазақстан" жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Біз "Таза Қазақстан" жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз. Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды. Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек. Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады. Еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондай-ақ, бұл – экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, сондықтан, елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау, заң мен тәртіпті бұзбау – мемлекеттік маңызы бар міндеттер. Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек, деп атап өтті Мемлекет басшысы.
"Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар. Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды. Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады. Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық. Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады", – деді ол.
Президенттің пікірінше, "Таза Қазақстанның" қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда.
"Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада "сынған терезе салдары" деген атаумен белгілі. Сондықтан "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы мен "Заң және Тәртіп" қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.