Елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға бағытталған тұжырымдама мақұлданды

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды. 

Елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға бағытталған тұжырымдама мақұлданды Фото: primeminister.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, "Ашық Қазақстан 500+" тұжырымдамасы елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді "жаңғыртуға" бағытталған.

Атап айтқанда, білім беру иммиграциясы шеңберінде он жылдық "Ғылыми-педагогикалық виза" берудің оңайлатылған тәртібін енгізу, ал бизнес-иммиграция аясында ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін "инвесторлық виза" беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар елімізге тапшы мамандықтар бойынша шетелден үздік мамандарды тарту, сондай-ақ елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Премьер-Министр Тұжырымдаманың көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленгенін атап өтті. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген.

Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу