Қазақстанда сыртқы көші-қонның оң сальдосы сақталып тұр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Былтыр Қазақстанға тұрақты тұру үшін 23 761 адам келген. Ал, елден кеткендер саны 7608 адамды құраған. Нәтижесінде көші-қонның оң сальдосы 16 153 адам болды. Елімізде қатарынан үшінші жыл оң көрсеткіш тіркеліп отыр.
"2024 жылмен салыстырғанда елден кеткендер саны 40,2 пайызға азайды. Ал елге келгендер саны 18,9 пайыз кеміді. Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асқан. Барлық келушілердің 81,8 пайызы Достастық елдерінен келсе, кеткендердің 71,8 пайызы да осы елдерге бағыт алған", – делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өзге мемлекеттер ішінде Қазақстанға Қытайдан, Моңғолиядан және Германиядан көшіп келушілердің үлесі жоғары.
Көшіп келген азаматтардың басым бөлігі Алматы облысын (5754 адам), Алматы қаласын (4068 адам) және Маңғыстау облысын (3562 адам) таңдаған.
Өткен жылв 16 805 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алған.