Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында ұрлық жасады деген күдікпен 20 жастағы қазақстандық ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Kyeonggi басылымының хабарлауынша, оқиға Сингиль-дондағы мейрамханалардың бірінде болған. Тергеу мәліметінше, жігіт ашық қалған терезе арқылы тамақтану орнына кіріп, сейфтен 420 мың вонды, ал қайырымдылық жәшігінен 60-70 мың вонды ұрлап кеткен.
Бұл уақытта жұмысқа ерте келген мейрамхана иесі іште белгісіз біреудің жүргенін байқаған. 20 жастағы қазақстандық ақшаны алып, оқиға орнынан ізін суытқан.
"Б. мырза қылмыскерді ұстауға тырысты. Кейін ол патрульдік көлікті байқады. Сержанттар Ан А Рам мен Пак Гван Мин Б. мырзаны көлікке отырғызып, қашқан күдіктінің соңынан қуып жетті. А. есімді күдікті патруль көлігін байқап, жаяу жүргіншілер аймағына қарай қашуға тырысты. Алайда ол оқиғадан кейін 10 минут ішінде ұсталды", – делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, Қазақстан азаматы Кореяға 2024 жылы жұмыс іздеп келген. Ол құрылыс нысандарында еңбек еткен.
Кейінгі уақытта тұрақты табысы болмай, қоғамдық моншаларда түнеуге мәжбүр болған. Ер адамның айтуынша, ол ұшаққа билет алып, Қазақстанға қайту үшін ұрлық жасауға мәжбүр болған.