"Элиталық эскорт" ісі: Айка жазасын 2 жылдан соң өтейді

125

Осы кезеңде ол пробациялық бақылауда болады.  

"Элиталық эскорт" ісі: Айка жазасын 2 жылдан соң өтейді Фото: kaztag.kz

“Элиталық эскорт” желісін ұйымдастырды деп айыпталып, 2024 жылы 6 жыл 6 айға сотталған блогер Айка (М.) жазасын өтеуді екі жылға кейінге шегерді, деп жазады inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Абай облысы Жарма ауданының сотында Айканың жазаны кейінге қалдыру туралы өтініші қаралды. Негіз – оның кәмелетке толмаған баласының болуы.

Айка 2024 жылдың 21 мамырында мүлкі тәркіленіп, орташа қауіпсіздік мекемесінде жаза өтеуге жіберілген. Кейін сотталған азаматша жазаны жеңілірек шараға ауыстыру туралы өтініш жасағанымен, Жарма аудандық соты бұл өтінішті 2025 жылдың 31 шілдесінде қанағаттандырмаған.

ҚР Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер кішкентай балалары бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік берді. Осы өзгеріс күшіне енгеннен кейін Айканың адвокаты сотқа қайта өтініш түсірген.

Істі қарау барысында Айканың қорғаушысы, №23 мекеме өкілі және прокурор өтінішті қолдаған. Сот оның 2020 жылы туған баласы бар екенін ескеріп, жазаны кейінге шегерді.

“Баланың мүддесін, қылмыстың сипаты мен ауырлығын ескере келе, жазаны екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды”, – делінген сот материалында.

Екі жыл бойы Айка тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу