Елорда әуежайында бір жылда декларацияланбаған 200 млн-нан аса теңге анықталған

1066

Қолма-қол ақша декларацияланбағандықтан заңбұзушыларға айыппұл салынды.

Елорда әуежайында бір жылда декларацияланбаған 200 млн-нан аса теңге анықталған

2021 жылы елорда әуежайында декларацияланбаған 203 млн 706 мың 259 теңге анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті 2021 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабы 3-бөлігі бойынша 13 әкімшілік істі тіркеген. 
Декларацияланбаған қолма-қол ақшаның сомасы – 203 млн 706 мың 259 теңге. Заңды бұзғандарға 379 мың 210 теңге көлемінде айыппұл салынған.

"Мысалы, өткен жылы 16 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында "Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл" халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан ливандық әйел ұсталды. Оның заң бұзғанын елордалық МКД "Әуежай-Астана" кеден бекеті мен ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері анықтады. Күдіктіден 13 мың 900 доллар (6 млн 54 мың 6 теңге, 2021 жылғы 16 желтоқсандағы бағам бойынша) алынды", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 2021 жылғы 29 желтоқсанда елорда әуежайында "Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл" халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан Қазақстан азаматынан 38 мың доллар ( 16 млн 409 мың 920 теңге) анықталды. Ол ақшаны елден заңсыз жолмен шығармақ болған.

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті Кеден кодексінің 343-бабы 1-тармағы 7-тармақшасында қолма-қол ақша қаражаты кедендік декларациялауға жататынын еске салады.

"Кедендік декларациялауды жүзеге асыру өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі және мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасының, қолма-қол Ұлттық валютаның және жол чектерінің барлық сомасына жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүргізіледі", - деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу