Астанада 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арнап зейнеткерлер патриоттық челлендж өткізіп, ерекше спорттық акция ұйымдастырды. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 120 қатысушысы "Қазақстан – біздің ортақ үйіміз" бастамасын қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
30 сәуір күні таңғы сағат 8:00-де Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері Ботаникалық саябаққа жиналды. Скандинавиялық серуен үйірмесінің қатысушылары "Тайқазан" нысанының жанында сап түзеп, "1 мамыр" сөзін бейнеледі. Бұл акция елдегі бірлік пен татулықтың символына айналды.
Іс-шара барысында қатысушылар спорттық жаттығулар да жасады. Олар "Атамекен" патриоттық әнін айтып, ұзындығы 1 700 метрлік шеңберді үш рет айналып өтті. Үйірме жетекшісі Туғанай Бейсембаеваның сөзінше, бұл бастама зейнеткерлердің өмір сапасын арттыруға бағытталған.

"Негізгі мамандығым – волейболшы. Бұған дейін спорттың бірнеше түрімен айналыстым: алғашында трамплиннен секіру, кейін триатлон болды. 2024 жылдың наурыз айында осы орталыққа жұмысқа шақырды. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келіп, скандинавиялық серуен үйірмесін жүргізуді бастадым. Бұл Қазақстан үшін жаңа спорт түрі. Қазір скандинавиялық серуенге қызығушылық өте жоғары", – деді ардагер спортшы.
Оның айтуынша, үйірме қысқа уақыт ішінде кеңінен танылып, қатысушылар саны айтарлықтай артқан.
"Алғашында 5 адам келді, кейін 7 адам болды, артынан 30-дан асты. Сосын "досыңды ертіп кел, танысыңды шақыр" деп біртіндеп көбейді. Қазір 12 отбасы бірге қатысады. Жалпы топта 180 адам тіркелген, оның 135-і тұрақты түрде жаттығуға келеді. Мұндағы кісілердің ең үлкені 89 жаста", – деді Туғанай Бейсембаева.
Туғанай Бейсембаеваның сөзінше, мұндай бастамалар зейнеткерлердің өмір сапасын арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтеді. Мұны зейнеткер Ғалымжан Аманбаев та растап отыр.
"73 жастамын. Осы топқа қосылғаныма екі жыл болды. Аптасына бірнеше рет келіп, екі сағат жаттығу жасаймыз. Қандай ауа райы болса да келеміз. Соның арқасында денсаулығымыз жақсарып жатыр. Бүгінгі шара да ерекше көңіл-күй сыйлады", – деді ол.
Кәріс ұлтының өкілі Роза Александрқызы 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні барлық ұлтты біріктіретінін айтты.
"Қазақстан толерантты мемлекет. Барлық жағдай жасалған. Қазақ, орыс, шешен, неміс – бәріміз біргеміз. Мен Дубайда, Түркияда, Кореяда болдым. Бірақ Қазақстаннан артық ел жоқ. Шетелге шыққанда өз еліңнің қадірін түсінесің. Біз қазақстандық болғанымызға бақыттымыз", – деді ол.
Зейнеткерлердің айтуынша, мұндай шаралар мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл туралы шараға қатысушы Гүлжан Дүйсембаева айтты.
"76 жастамын. Көбі жасын айтпай құпия ұстайды ғой. Керісінше мен мақтанамын. Себебі скандинавиялық серуен тобының арқасында денсаулығымды жақсартып, жақсы көңіл-күйде жүремін. Екі жылдан бері келемін, өте ұнайды. Мұнда таза ауада серуендеп, көңіл көтереміз. Үйде отырғанша, осындай белсенді өмір сүрген дұрыс. Барша астаналықтарды бізге қосылуға шақырамын", – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты халықтар арасындағы достық пен келісімді нығайту. Сонымен қатар егде жастағы азаматтар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.
Айта кетейік, Нұра ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде скандинавиялық серуен үйірмесі екі жылдан бері жұмыс істейді. Қазір оған 187 зейнеткер тұрақты түрде қатысады.
"73 жастамын. Осы топқа қосылғаныма екі жыл болды. Аптасына бірнеше рет келіп, екі сағат жаттығу жасаймыз. Қандай ауа райы болса да келеміз. Соның арқасында денсаулығымыз жақсарып жатыр. Бүгінгі шара да ерекше көңіл-күй сыйлады", – деді ол.