Елордада бір жылда МӘМС-ке 43 млрд теңге аударылған

1374

Өткен жылы желтоқсанда елордалықтар медициналық сақтандыруға 4,7 млрд теңгеден аса жарна аударды.

Елордада бір жылда МӘМС-ке 43 млрд теңге аударылған

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда астаналықтар МӘМС-ке 43 млрд теңге аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"2021 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша МӘМС-ке 42,5 млрд теңге жарна аударымдары түсті", – деп жазылған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

2017 жылғы 1 шілде мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығында елордада медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 100,6 млрд теңгеден асқан.

"Өткен жылы желтоқсанда елордалықтар медициналық сақтандыруға 4,7 млрд теңгегеден аса жарна аударды. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары – 2,2 млрд теңгеден асады, ал жеке кәсіпкерлерден түскен жарна – 2,5 млрд теңге. Осы аралықта бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша аударылған МӘМС жарналарының сомасы – 9 млн теңгеден асады", – деп жазылған хабарламада.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен барлық жарна аударымы Ұлттық банкте сақталады.

"Жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі", – деді басшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу