Елордада қай пәндердің мұғалімдеріне сұраныс жоғары

1138

Бүгін елордадағы "Жастар" сарайында биылға бесінші рет бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Елордада қай пәндердің мұғалімдеріне сұраныс жоғары Фото: elorda.info

 Бұл жолғы шара негізінен білім саласы қызметкерлеріне арналды. Бос орындарды ұсынған 100-ден астам жұмыс беруші ұйымдардың 70 пайызы осы саладан болды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы оқу орындарына 200-ге жуық оқытушы маман керек. Соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері, жаратылыстану-математикалық бағыт пен ағылшын тілі ұстаздарына сұраныс жоғары болып тұр.

Мәселен, дарынды балаларға арналған №9 "Зерде" мектебіне физика мен химияны ағылшын тілінде оқытатын мамандармен қатар математика, орыс тілі, технология, көркем еңбек пәні мұғалімдері қажет.

"Бізде қазіргі уақытта 44 мұғалім жұмыс істейді. Оның 28-і жоғары санатты мамандар. Алдағы жаңа оқу жылында үш тілде білім беру бағдарламасын жүргізу мақсатында физика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер керек. Негізгі бағытымыз – физика мен математиканы тереңдетіп оқыту. Математика ұстаздары да қажет. Осы жәрмеңкеге сәйкес мамандарды іздеп келіп отырмыз", – дейді аталмыш мектептің кадр маманы Гүлшат Темірханқызы.

Бір байқағанымыз, жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің дені осы жылы өңірлерден елордаға көшіп келген немесе жоғары оқу орындарын жақын арада ғана бітірген.

Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында елордадан өңірге мамандарды тарту мақсатында осы жәрмеңкеге қатысты.

"Еңбек" бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниетті мамандарды іздеп келіп отырмыз. Ауданымызға механизаторлар, көлік жүргізушілер сынды ауыл шаруашылығы мамандарымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер керек. Бізде біраз бос жұмыс орыны бар. Ауданымызда келетін мамандарға арналып 40-тан астам үй салынып жатыр. Оларды осы жылы пайдалануға береміз. Оған кіретін маман ай сайын 7-9 мың көлемінде жалға алу құнын төлеп, бес жыл өткен соң үйді жекешілендіре алады. Бір шарт – ауданымызға келетін маманның елордада кем дегенде бір жыл тіркеуде тұрған болуы керек", – дейді Ғабит Мүсірепов ауданы Жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Баян Шиебаев.

Аталмыш жәрмеңкеде 2 мыңнан астам бос орын ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу