Елордада "Қолжетімді спорт" жобасы басталды

841

Жоба қала тұрғындарын спорттың 11 түріне үйретеді, онда 8 жерде 84 нұсқаушы сабақ өткізеді.

Елордада "Қолжетімді спорт" жобасы басталды

Нұр-Сұлтанда "Қолжетімді спорт" атты жаңа жоба бастау алды, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, сол сияқты қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен барлық сабақ тегін өтеді. Жоба 2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Сабақтар 6 саябақ пен 2 скверде мынадай спорт түрлері бойынша өткізіледі: жүгіру, каратэ, скандинавиялық жүріс, асық ату, стритбол, бадминтон, фитнес, зумба. Сабақтар апта сайын сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін өтеді.

"Қолжетімді спорт түрлерінің бірі – асық ату ұлттық ойыны. Оған кез келген жастағы тұрғындар қатыса алады. Бұл ұлттық спорт түрі, оны алты жастан асқандар ойнай алады", – деді Нұр-Сұлтан қаласының "Асық ойыны" федерациясының президенті Ескендір Рахметов.

Жоба Мемлекет басшысының "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін іске асыру аясында әзірленген.

Естеріңізге сала кетейік, жобаның салтанатты ашылуы өткен демалыс күндері Астаналық саябақта "World Class Green" фитнес-орталығының фитнес-нұсқаушылары мен "Azimuth" спорт клубы спортшыларының көрсетілімдері өтті. Сонымен қатар саябаққа келген демалушылар арасында асық ату ойыны бойынша жаттығулар өткізілді.

Жоба туралы толық ақпарат алу үшін Instagram әлеуметтік желісіндегі @Dostupnyi_sportkz парақшасына кіруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу