Елордада "Оразадағы 99 шақырым" велошеруі өтеді

627

Бәрі ойдағыдай өтсе, ас-су ішпей-жемей өткізілген веломарафон ретінде Қазақстанның алғашқы рекорды тіркеледі.

Елордада "Оразадағы 99 шақырым" велошеруі өтеді

Рамазан айының соңғы күні елордада "Оразадағы 99 шақырым" велошеруі өтеді. Бұл велошеру сондай-ақ және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне дөп келіп отыр.

Веломарафонға қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы айналма тас жолды толық жүріп өту керек. Қашықтығы – 99 шақырым.

Велошеру соло (solo) тәсілінде өтеді, яғни бір ғана адам қатысады. Қатысушы – әуесқой велошабандоз, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, Хабар 24 арнасында шетелдік шолушы, "Толық адам және 4 даму жобасының" авторы. Веломарафон кезінде арнайы жейде, жалаулар, баннер қолданылады.

Велошеру Әзірет Сұлтан мешітінің алдынан бастау алады. Нақты мекенжайы: Тәуелсіздік даңғылы, 48. Бұл бастамаға "Ислам – бірлік пен ынтымақ діні" жылы аясында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қолдау көрсетіп отыр.

Велошеру нәтижесі – қашықтығы, уақыты және басқа мәліметтер Relive, Strava, Samsung Health ұялы қосымша бағдарламалары арқылы тіркеледі. Жол бағдарын Strava бағдарламасынан онлайн бақылап отыру және YouTube-тегі Ernat Melsuly арнасы арқылы тікелей эфир (streaming) жасау мүмкіндігі қарастырылған.

         Велошеру бағдары:

  • Сөре Әзірет Сұлтан мешітінің алдында басталады;
  • Рақымжан Қошқарбаев даңғылының бойымен жалғасады;
  • Абылай хан даңғылына оң жаққа түседі;
  • "Астана-Қарағанды" тас жолымен жалғасады;
  • Оңға, әуежай жаққа айналма тас жолға түседі;
  • Айналма жолмен астананы айналып шығады;
  • Оң жаққа "Астана-Қарағанды" тас жолына түседі;
  • Абылай хан даңғылымен жалғасады;
  • Сол жаққа Рақымжан Қошқарбаев даңғылына түседі;
  • Мәре Әзірет Сұлтан мешітінің алдында түйінделеді.

Мәренің болжалды уақыты ауызашарға, яғни сағат 20:38-ге дейін. Ұзақтығы 8 сағатқа созылуы мүмкін. 

Бәрі ойдағыдай өтсе, ас-су ішпей-жемей өткізілген веломарафон ретінде Қазақстанның алғашқы рекорды болып тіркеледі. Рекордты Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тіркейді және Қазақстанның алғашқы рекорды сәтті орнағанына орай арнайы Куәлік тапсырады.

Бастамашы-қатысушының жетістіктері туралы ақпарат:

1) "Астана – Ақтоғай" велошеруі. 2018 жылдың 4-7 қыркүйек аралығы. Астананың 20 жылдығына және туған жері Ақтоғай ауданының 90 жылдығына арналды. Қашықтық 500 шақырымды құрады;

2) "Қарағанды – Жаңаарқа" велошеруі. 2019 жылдың 10-11 қыркүйек аралығы. Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына және Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналды. Қашықтық 208 шақырымды құрды;

3) "Нұр-Сұлтан – Жидебай" велошеруі. 2020 жылдың 2-10 қыркүйек аралығы. Абайдың 175 жылдығына арналды. Қашықтық 1088 шақырымды құрады;

4) "Нұр-Сұлтан – Қостанай" велошеруі. 2021 жылдың 23-28 тамыз аралығы. Ыбырай Алтынсарыұлының 180 жылдығына, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдығына және Ыбырай музейінің 30 жылдығына арналды. Қашықтық 750 шақырымды құрады;

5) "100 жылдыққа 100 шақырым" велошеруі. 2021 жылдың 24 қазаны. Қазақ радиосының 100 жылдығына арналды;

6) "150 жылдыққа 150 шақырым" велошеруі. 2022 жылдың 10 ақпаны. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды. Тұңғыш қысқы веломарафон ретінде Қазақстан рекорды орнатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу