Елордада талапкерлерге арналған жаңа платформа әзірленді

1026

"Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) колледждеріне түсу туралы" брифингте Білім басқармасы талапкерлерді колледждерге қабылдау кезінде қандай жаңалықтар енгізілгені туралы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада талапкерлерге арналған жаңа платформа әзірленді

Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинованың айтуынша, қазір болашақ студенттердің мамандық таңдау мүмкіндігі көп.

"Егер бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген орындарға колледждерге қабылдау жүргізілсе, қазір жаңа тетік бойынша – талапкерлердің өздері колледждер мен мамандық таңдайтын болады. Яғни мемлекеттік тапсырыс талапкердің таңдау қорытындысы бойынша орналастырылады. Бұл мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын және талапкерлерді колледждерге қабылдауды қамтамасыз етеді", - деп мәлімдеді Римма Иманғазинова.

Тағы бір жаңалық – үміткерлерге өз мүмкіндіктерін ойлануға және мамандығын жақсылап таңдауға септігін тигізетін платформа болады.

"Биыл алғаш рет мектеп түлектерінің бәріне ақпараттық жүйе арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі беріледі. Нәтижесінде талапкерге белгілі бір мамандықты таңдап алу ұсынылады, олар ұсынылған мамандықтардың карталарымен танысады. Кәсіби диагностиканың қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие және мамандық таңдау кезінде септігін тигізеді", - деп хабарлады Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, ТжКБ ұйымдарына қабылдау 25 маусымнан басталады. Құжаттар екі жолмен, яғни "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы немесе тікелей колледжге жүгінген кезде, кәмелетке толмаған жеке тұлғалар кәмелетке толған заңды өкілінің қатысуымен қабылданады.

ТжКБ ұйымдарына оқуға түсу кезінде 9 санат бойынша квоталар көзделген (бірінші, екінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ауыл жастары, жетім балалар, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балалар, "қандас" санатындағы балалар).

Барлық квоталар талапкердің мәртебесін растайтын құжатпен расталуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу