Қарттар күні қарсаңында Астанада аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына арналған "Әсем қимыл – әдемі ғұмыр" би фестивалі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды. Фестивальге елорданың алты ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінде қызмет алатын зейнеткерлер қатысты.
Қатысушылар ұлттық, классикалық және заманауи билерді, сондай-ақ әлем халықтарының билерін орындап, өз өнерлерін көрсетті.
Фестиваль қорытындысында бірінші орынды Сарайшық ауданынан келген "Сымбат" би тобы иеленді. Екінші орын Есіл ауданының "Ханшайым" тобына, үшінші орын Сарыарқа ауданының "Сарыарқа" тобына берілді. Өзге де ұжымдар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға, физикалық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда 132 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Оның алтауы Астана қаласында орналасқан.