Елордадан Екібастұзға қоныс аударған бір топ отбасы кері қайтпақ

969

Тіршілік етуге барғандар жергілікті әкімдік уәделерін орындамады деп отыр. 

Елордадан Екібастұзға қоныс аударған бір топ отбасы кері қайтпақ

Көштері байсалды болмады. Осыдан бір жыл бұрын Елордадан Екібастұзға қоныс аударған бір топ отбасы кері қайтуға бел буды, деп хабарлайды Atameken Business.

Жұмыс жоқ, пәтер ақысы қымбат, тұрып жатқан үйлердің сапасы сын көтермейді. Ендігі болашақ бұлыңғыр дейді қоныстанғандар. Алайда кері қайтуға ниеттенгендерді байлап отырған  бір мәселе бар. Олар былтыр мемлекеттен субсидия алған. Соның бір тиынын ұстамай, Үкіметке қайтаруға тиіс.

Президент елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгертуді тапсырды.

Урбанизация мәселесін шешуде, "Нұрлы Ертіс" бағдарламасы жақсы бастама болған еді. Алайда, берілген уәденің орындалмауы сынды түйткілдер қоныс аударуға ниеттілердің ойына кері әсер етері сөзсіз. Мұндай мәселелерді шешу үшін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында "Елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек" деген еді.

4 мың 300 адам жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударды

Жалпы жыл басынан бері "Еңбек" бағдарламасы бойынша 4 мың 300 қазақстандық жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған. Жыл соңына дейін тағы 1 мың 631 отбасы өзге өңірлерге көшіріледі. Қоныс аударушылар Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан. Осы өңірден көшуге ниет танытқандар  Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына  орналастырылады. Айта кетейін, ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК, яғни шамамен 95 мың теңге біржолғы төлем беріледі.Сондай-ақ, мемлекет тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтейді. Ол шамамен - 39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін қаржы. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" бағдарламасы 2017 жылы басталды, 2021 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Ішкі көші-қон саясатында нені өзгерту керек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта ерікті қоныс аударушыларды ынталандыру үшін тұрғын үй мәселесін де шешпек. Ондай жағдайда осы күнге дейін жұмыссыздардың қызығушылығын айтарлықтай оята алмаған бағдарламаға сұраныс арта ма? Жалпы, ішкі көші-қон саясатында нені өзгерту керек? Президенттің меңзегені не? Сан сауалдың жауабын сарапшы береді: 

Ауылда таңдап істейтін жұмыс жоқ

Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Қадырұлы, 18 жыл бойы ауылдық жерде мәдениет саласында еңбек етті. Осы жылдар аралығында қатардағы маманнан басшылық қызметке дейін көтерілді. Екі жыл бұрын арманын арқалап Павлодарға қоныс аударды. Қалаға келгендегі басты миссиясының бірі облыс орталығынан баспана алу еді, оған да қол жеткізді. Оның пікірінше, үлкен қалаларда жұмыс істеймін деген адамға таңдау бар. Ал, ауылдық жерде жұмыс жоқтың қасы, болған күннің өзінде жалақысы мардымсыз. Оның үстіне ауылдық жерде санаулы ғана мамандық иелеріне жұмыс табылады. Сондықтан да жастар, көбінесе қалаға бет бұрғанды жөн көреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу