Елордалық еріктілер зейнеткерлерге қар тазалауға көмектесті

350

Елордалық еріктілер жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты.  

Елордалық еріктілер зейнеткерлерге қар тазалауға көмектесті Фото: gov.kz

Соңғы күндері қалада қар көп жауды, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте, әсіресе, өз аумақтарын өз бетінше тазарта алмайтын қарттар мен жалғызбасты адамдарға қиын. Мұндай кезде зейнеткерлерге елордалық еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері көмекке келеді.

"Біздің ата-әжелерімізге назар мен қамқорлық қажет. Еріктілер өздерінің игі істерінің арқасында үлкендердің батасын алады. Біздің міндетіміз – мұқтаж адамдарға көмектесу және қолдау. Іс-шараның мақсаты – қоғамның, әсіресе, жастардың саналы ойлауын қалыптастыруға, сондай-ақ ерікті қызметті дамытуға ықпал ету. Біздің күшіміз бірлікте!" - деді ҚСА республикалық студенттік қозғалысының жетекшісі Ұлан Наукен.

"Бұл акция жалғызбасты қарт адамдарға тұрғын үйді көктемгі су тасқынынан қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ іс-шара бір жағынан күндіз-түні дамылсыз қаланы қардан тазартатын коммуналдық қызмет мамандарына алғыс болып саналады. Осыған байланысты біз, елорда еріктілері "Өндіріс" тұрғын алабында қар тазалауға өз үлесімізді қосып, көмектесуге шешім қабылдадық", - деді Қазақстан Жастар Конгресінің атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев.

"Бүгін мен "Жайдарман" көңілді тапқырлар клубының басқа да ойыншыларымен бірге еріктілерге қосылуға бел будым. Қазіргі уақытта көмек пен қамқорлыққа мұқтаж адамдарға риясыз жәрдем беретін адамдардың бар екенін көру қуантады. Олар шынымен де игі істер жасайды. Мен өзім мамандығым бойынша өрт сөндірушімін. Менің жұмысым – басқаларды құтқару және қорғау", - деді акцияға қатысушы Заңғар Балтабай.

Бүгін еріктілер қаланың тұрғын алаптарында тұратын 50 зейнеткерге қолдау көрсетеді. Белсенділер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қар шығару үшін арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, Елорданың кез келген тұрғыны еріктілерге қосыла алады. Ол үшін "Астана Жастары" жастар ресурстық орталығына, @astana_jastary Instagram аккаунтына хабарлама жазу керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу