Әлеуметтік желіде Астана көшесінде түйеқұсты ұстаған видео тарады. Желі қолданушылары оның иесін тауып, жазалау керек деп шу шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана полиция департаменті бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде шағым түскеннен кейін тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.
"Тексеру барысында жануарға қатыгездік таныту фактілері анықталған жоқ. Түйеқұсты көлікке салу үшін мойнынан ұстаған. Құс мекемеге жарнама мақсатында әкелінген", – деп хабарлады полиция.
Мекеме иесіне ескерту жасалып, жануарларды мұндай мақсатта пайдалану кезінде тиісті ережелерді сақтау қажет екені туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция мәліметінше, түйеқұс Сарыағаштан әкелінген. Қазір ол Қоянды ауылындағы фермада. Құстың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.