Елордалық мектеп оқушыларына "Театр сабағы" өткізіледі

673

Осы жылдың 30 қаңтарында "Астана Опера" Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесе 9-сынып оқушыларына арнап "Театр сабағы" атты жаңа, қызықты шығармашылық жобаны бастайды. 

Елордалық мектеп оқушыларына "Театр сабағы" өткізіледі

Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты эститикалық тұрғыдан тәрбиелеу. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бұл жобаны іске асыру үшін Әкімдік оқушыларды ұйымдастыру және өзге де маңызды мәселелерді өз мойнына алды.

"Өкінішке қарай карантин жағдайында балалар түрлі гаджеттерді анағұрлым көп пайдаланады, теледидарды көп көреді, компьютерлік ойындар ойнайды, сондықтан опера және балет әртістеріміз бен оркестр музыканттарымыздың шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру", - деп пікірімен бөлісті мәдениет қайраткері, танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова.

"Театр сабағын" тек жоғары сынып оқушылары үшін өткізу туралы шешім қабылданды.

Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылады. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография жауһары – Л.Минкустың "Баядерка" балеті дайындалды. Іс-шара бағдарламасына сәйкес, оқушылар театрға спектакльдің басталуына дейін 2 сағат бұрын келеді. Олардың назарына слайдтарды қолдану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзірленді, тәжірибелі музыкатанушылар балеттің мазмұны, композиторы, хореографы, қойылым туралы, сондай-ақ балалардың бұл күні сахнадан көретін солистер туралы қызықты ақпаратты әңгімелеп береді.

Театр сабағына 30 оқушы келеді. Олар он адамнан үш топқа бөлінеді. Театр бойынша балаларды сахна сырты әлеміне саяхат жасату үшін үш экскурсия жетекшісі алып жүретін үш бағдар әзірленді.

"Балалар қойылымды жасаудың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим жасау бөлмелеріне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Содан костюмерлік цехқа кіреміз, онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ретінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы  айырмашылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады. Сөзсіз, оларға бутафор және реквизит цехтарында қызықты болар, бұл жерде олар бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бастарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кітапхана, дайындық залдары мен тағы басқалар кіреді", – деп қорытындылады Маржан Жәкенова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу