Елордалық оқушы әлемнің үздік 10 университетінен шақырту алды

111

Бұл шақыртулар жоғары оқу орындарының өз бастамасымен жолданған.  

Елордалық оқушы әлемнің үздік 10 университетінен шақырту алды Фото: gov.kz

Астанадағы №9 "Зерде" мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Аяла Маханбетәлі әлемнің жетекші он университетінен бірден ресми шақырту алды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Ерекше жетістік – бұл шақыртулар талапкердің жеке өтініші негізінде емес, жоғары оқу орындарының өз бастамасымен жолданған. Шақырту жолдаған университеттердің қатарында Ivy League құрамына кіретін Harvard University мен Brown University, сондай-ақ University of Cambridge, Stanford University, Massachusetts Institute of Technology (MIT) және әлемдік беделді рейтингтерде көш бастап тұрған өзге де алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары бар", – деп хабарлады әкімдік. 

Басты ерекшелігі – университеттердің оқушының академиялық және зерттеушілік әлеуетін алдын ала жан-жақты саралап, соның негізінде оқуға шақырған. Мұндай тәжірибе әлемдік жоғары білім беру кеңістігінде сирек кездеседі және талапкерге көрсетілген жоғары сенімнің айқын дәлелі саналады.

Оқушыға ұсынылған қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 2 миллион АҚШ долларын құрайды. Аталған қаражат оқу шығындарын толық немесе ішінара өтеуге мүмкіндік береді.

Аяланың академиялық жолы 8-сыныптан бастау алады. Осы уақыт аралығында ол халықаралық білім беру бағдарламаларына, академиялық және ғылыми-зерттеу жобаларына тұрақты түрде қатысып келеді. Университеттерден ресми шақырту алғанға дейін ол әртүрлі елдерден келген қатысушылармен бірлесіп халықаралық жобаны іске асырып, оны практикалық деңгейде жүзеге асыра білді. Жоба инвестиция тартып, нақты нәтижеге қол жеткізген.

Қазіргі таңда Аяла Канадада орналасқан компанияда осы жоба аясында жұмыс істеп, мектептегі оқуын кәсіби қызметпен қатар алып жүр. Сонымен қатар, ол 11-сынып оқушысы бола тұра, университеттік курстардан өтіп, болашақта есептелетін академиялық кредиттерді алдын ала меңгеруде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу