Марапатталғандардың қатарында Астана қаласының екі педагогі бар. Елорда білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбегі сіңген Гүлбану Қайсаева мен Ұлжан Рахмедьянова "Құрмет" орденімен марапатталды.
Гүлбану Закариянқызы – білім беру саласында 35 жыл еңбек еткен, бүгінде зейнет демалысындағы ардагер ұстаз. Ол саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге арнады.
Ал Ұлжан Әшімқызы – Астана қаласы әкімдігінің "№46 балабақша-мектеп-гимназия" кешенінің директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары, неміс тілі пәнінің мұғалімі. Оның жалпы еңбек өтілі – 44 жыл, білім беру саласындағы еңбек өтілі де – 44 жыл. Осы ұжымдағы еңбек жолы 21 жылды құрайды.
Мемлекеттік награда – педагогтердің көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл марапат елорда ұстаздарының кәсіби білімі мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесінің мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын көрсетеді.