Дәрігерлер қағазбастылықтан арылатын күн алыс емес

707

Еліміздегі емханаларда пациентті қабылдау кезінде бірнеше қызмет көрсетілмек.

Дәрігерлер қағазбастылықтан арылатын күн алыс емес Фото: gov.kz

Қазақстанда амбулаториялық қызмет көрсетуге қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі бұйрық жобасын әзірледі. 

Құжатқа сәйкес, дәрігерлер бір қабылдау кезінде науқасты тексеріп қана қоймай, медициналық көрсетілімдер болса, рецепт жазып, анықтама беріп, профилактикалық қызметтерді қосымша көрсете алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа тәртіп бойынша учаскелік дәрігер науқасты қабылдау барысында оның жағдайын бағалап, қажеттілігіне сай дәрі-дәрмекке рецепт жазып, тиісті анықтамаларды рәсімдейді.

Сонымен қатар алдын алу шараларын да сол қабылдау кезінде жүргізуге мүмкіндік берілмек.

Бұдан бөлек, егер пациент басқа созылмалы ауруы бойынша жоспарлы бақылаудан өтіп жүрсе, оған қатысты медициналық шаралардың нәтижелері де сол қабылдау аясында ескерілуі мүмкін. Ол үшін бөлек қабылдау талап етілмейді.

Диагностикалық тексерулердің саны артады

Жоба аясында медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жүргізілетін зерттеулердің ең төменгі тізбесін бекіту ұсынылып отыр. Қажет болған жағдайда дәрігер науқастың денсаулық жағдайына қарай қосымша тексерулер тағайындай алады.

Атап айтқанда, В және С вирустық гепатиттерін анықтау мүмкіндіктерін кеңейту, соның ішінде экспресс-диагностика әдістерін қолдану қарастырылған.

Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қан ұю жүйесінің бұзылыстары және жүйке-бұлшықет жүйесінің аурулары бар пациенттерге арналған тексерулер тізбесін нақтылау ұсынылған.

Барлық қосымша зерттеулерді дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес тағайындайды.

Дәрігерлер қағазбастылықтан арылады

Қабылдау кезінде көрсетілген қызметтер мен жазылған рецепттер туралы мәліметтерді жүйеге автоматты түрде енгізу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл дәрігерлердің құжаттарды қолмен толтыруға жұмсайтын уақытын қысқартып, пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Министрлік ұсынған өзгерістердің негізгі мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыру. Әсіресе емханаға тұрақты түрде қаралып, бақылаудан өтуі қажет созылмалы аурулары бар науқастар үшін бұл тәртіптің маңызы зор болмақ.

Айта кетейік, Қазақстанда 12 қыркүйектен бастап азаматтардың емханаларға тіркелу тәртібі өзгерді. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережесіне сәйкес, енді азаматтар емхананы жылына бір рет қана таңдай алады. Бұған дейін емхананы жылына 2 рет ауыстыруға болатын.

Жүкті әйелдер, босанған әйелдер және 0-17 жас аралығындағы балалар емханаға нақты тұратын жері бойынша тіркеледі.

Студенттер мен курсанттар емхананы өздері таңдай алады. Алайда медициналық ұйым олардың тұратын немесе оқитын жеріне жақын, жаяу баруға ыңғайлы болуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу