Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақы деңгейін көтеру бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін депутаттар халыққа майдай жағатын ұсыныс жасағанын жазғанбыз. Олар ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Вице-премьер осы бастамаға қатысты пікір білдірді.
"Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін көрдіңіздер. Бюджет тапшылығы азайып келе жатқанын байқаған шығарсыздар. Біз 2026 жылы шығыс бойынша шекті деңгейге жетеміз, бірақ бір жылдан кейін осы лимиттен 1,5 трлн теңгеге төмендейміз. Яғни, біз шығынды шектеулі мөлшерде ұстап отырмыз. Шығыстарды сәл тежеп отырмыз. 2028 жылы да осылай істейміз. Есесіне кіріс бөлігін арттырамыз", – деді Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, келесі жылы Үкімет Ұлттық қордан мақсатты трансферттер алмайды. Бұл шешім арқылы қорға қосымша 2,4 трлн теңге түседі деп күтіліп отыр. Вице-премьер осы қаражатты ең төменгі жалақыны арттыруға бағыттауға болғанымен, оның нақты тиімділігі түсініксіз болар еді деген пікірде.
"Меніңше, қазір негізді қалыптастырып, одан барлық көрсеткіштерді көтеру керек. Ең төменгі жалақыны және жалақы деңгейін арттыру мәселелерінің бәрі орындалатын күн алыс емес. Әрине, халыққа жақсы жаңалықты бірден жеткізгіміз келеді. Бірақ аздап кідірейік. Қазіргі жағдай құбылмалы", – деді ол.