Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған 56 лауазымды тұлға қызметінен босатылды

733

Экономика салалары бойынша жұмыс орнында зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 19,1%, құрылыс саласында – 11,3% байқалады.

Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған 56 лауазымды тұлға қызметінен босатылды

Бұл туралы ҚР Еңбек министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"2021 жылдың қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар жол берген 56 лауазымды тұлға қызметінен босатылды, мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1088 материал жіберіліп, олар бойынша 127 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты себебін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 5 371 өндірістік нысан аттестатталды", – деді Ербол Нұрғалиев.

Заң бұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу мақсатында 2 800 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Кәсіпорындарда 16 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды және жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 21 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді.

"2019 жылдан бастап біз "Нөлдік жарақаттану – Vision Zero" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 292 кәсіпорын қосылды. ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде, ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды "халықтық бақылаушылар" ретінде тартуды көздейді. Бүгінгі таңда 164 кәсіпорын осы жобаны жүзеге асыруда, оның аясында 500-ден астам қызметкер жұмыс істейд", – деді комитет басшысы.

Бұдан басқа, өңірлердің әкімдіктері жазатайым оқиғалардың ең көп санына жол берген жұмыс берушілермен бірлесіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жекелеген іс-шаралар жоспарын бекіту бойынша жұмыс жүргізді. Жоспарлар еліміздің 173 кәсіпорнында бекітілді.

Сондай-ақ Еңбек ресурстары порталында (hr.enbek.kz) 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап "Онлайн еңбек консультанты" функционалы іске қосылды, ол жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін өзін-өзі тексеруден өтуін көздейді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу