Мәжілістің жалпы отырысында "Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Эндаумент қорларының пайдасы қандай деген сұраққа қайта оралсақ, заңның қабылдануы кез келген әлеуметтік маңызы бар салада – білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт, мәдениет салаларында эндаумент қорларын құруға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Бұл ретте әлеуметтік саладағы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты кезең-кезеңмен азайтуға мүмкіндік береді. Эндаумент қорларын дамыту экономикадағы жинақтардың өсуіне және сәйкесінше қаржы нарығына капиталдың келуіне ықпал ететіні маңызды", - деді министр.
Саясат Нұрбек құжат арқылы қоғамда қайырымдылық мәдениетін дамытуға болды деген пікірде.
Нысаналы капитал қоры – эндаумент-қордың қайырымдылық бағдарламасын инвестициялық кірістен қаржыландыратын коммерциялық емес ұйым, аудиттелетін субъект деп нақтыланды.
Депутаттар барлық құрылған эндаумент қорларға тәуелсіз аудит жүргізетін норма енгізді.
"Эндаумент қордың қаражатын тиімді және кәсіби деңгейде басқару үшін арнайы лицензиясы бар кәсіби басқарушы компанияларға сенімгерлік басқару институты енгізіледі. Эндаумент-қордың инвестициялық кірісі бұрын 15 000 АЕК-ке жеткенде ғана сенімгерлік басқаруға берілетін болса, жаңа редакцияға сәйкес бұл шек 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді. Инвестициялық кіріс қаражаты нақты әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалуы үшін әкімшілік шығыстар 2 есеге азайды: бұрынғы редакцияда инвестициялық табыстың 30% және теріс инвестициялық табыс болған жағдайда активтердiң орташа құнының 1% болса, қазір 15% және 0,5% болып нақтыланды", - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.