Енді адамдар алғаш рет 22 сағат бойы аялдамасыз ұшады

94

Австралиялық Qantas әуе компаниясы 22 сағатқа дейін созылатын ультра ұзақ рейстерді іске қосуға дайындалып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Euronews хабарлады.

Енді адамдар алғаш рет 22 сағат бойы аялдамасыз ұшады Фото: canva

Жаңа бағыттар Сидней қаласынан Лондон және Нью-Йорк қалаларына дейін аялдамасыз орындалады. Ұшулар арнайы түрлендірілген Airbus A350-1000ULR ұшағымен жүзеге асырылады. Бұл әуе кемесі қосымша жанармай бактарының арқасында әуеде ұзақ уақыт ұша алады.

Жоба Project Sunrise деп аталады. Ол алғаш рет 2017 жылы ұсынылған, алайда COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге шегерілген. Қазіргі жоспар бойынша алғашқы рейстер 2027 жылдың бірінші жартысында іске қосылады.

Жаңа ұшақтардың басты ерекшелігі – жолаушыларға арналған арнайы "wellbeing zone" (сауықтыру аймағы). Бұл кеңістікте жолаушылар бой жазып, жаттығу жасап, сусындар мен жеңіл тағамдар ала алады. Мұндай шешім ұзақ ұшу кезіндегі жайлылықты арттырып, джетлаг әсерін азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ, ұшақ салоны кеңірек болу үшін жолаушылар саны азайтылған: стандартты нұсқада 300-ден астам орын болса, Qantas ұшағында 238 орын ғана қарастырылған. Оның ішінде жеке төсегі бар 6 бірінші класс люксі, толық жататын креслолары бар 52 бизнес-класс орны, 40 премиум-эконом және 140 эконом-класс орны болады.

Барлық жолаушылар жоғары жылдамдықты Wi-Fi желісін пайдалана алады, сондай-ақ Bluetooth құлаққаптарын борттық ойын-сауық жүйесіне қосу мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ең ұзақ тұрақты коммерциялық рейсті Singapore Airlines орындайды. Ньюарк пен Сингапур арасындағы ұшу шамамен 18,5 сағатқа созылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу