Астанада Meta компаниясының өкілдері жаңа функцияны көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қуанышты жаңалық Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Meta компаниясының вице-президенті доктор Саймон Милнердің Астанада өткен кездесуінде белгілі болды. Кездесу барысында Meta компаниясы 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналған жаңа "Жасөспірімдерге арналған аккаунттар" функциясын таныстырды. Бұл мүмкіндік ата-аналарға балаларының цифрлық өміріне белсенді араласуға жол ашады.
Жаңа функция арқылы ата-аналар:
- баланың профилін кім көре алатынын шектей алады;
- қажетсіз контентті жасыра алады;
- пікірлер мен хабарламаларда бейәдеп сөздерді автоматты түрде бұғаттай алады;
- бейтаныс адамдардың жазбаларды көру мүмкіндігін өшіре алады.
Сонымен қатар, қосымша қауіпсіздік шаралары қарастырылған:
- түнгі уақытта хабарламалар туралы ескертулерді өшіру;
- Instagram қолдану уақытына шектеу қою мүмкіндігі.
Meta вице-президенті Саймон Милнердің айтуынша, бұл функция балалар мен цифрлық қауіпсіздік саласындағы сарапшылардың ұсыныстарына сүйене отырып әзірленген және Instagram желісіндегі жасөспірімдердің қорғалу деңгейін арттыруды көздейді.
Бұл функция халықаралық зерттеулер мен ата-аналардың сараптамалық ұсыныстары негізінде әзірленген. Жақын арада бұл мүмкіндік Қазақстандағы пайдаланушылар үшін қолжетімді болады деп күтілуде.