Енді интернеттегі балағат сөз үшін 86 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін

992

Құжат биыл Парламентте қаралмақ.  

Енді интернеттегі балағат сөз үшін 86 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін Фото: umich.edu

Интернетте балағат сөз айтқандарға әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес,  Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып есептеледі және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Атап айтқанда, 20 АЕК мөлшерінде (86 500 теңге) айыппұл салынады немесе 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады", – делінген жауапта. 

Олжас Бектенов қазіргі уақытта "Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленгенін айтты.

Тиісті құжат кодекстегі 434-бапты толықтыру арқылы онлайн-платформаларда былапыт сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейді.

"Аталған заң жобасы осы жылдың ішінде заң шығарушы органда қаралады", – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының жауабында құжатты маусым айында Парламентке енгізу жоспарланғаны нақтыланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу