Енді қалалардың цифрлық сыңары жасалады

Мемлекет басшысының пікірінше, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды.

Енді қалалардың цифрлық сыңары жасалады Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.

Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуы тиіс.

Сонымен қатар, қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.

Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – "Таза Қазақстан" жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.

Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады, – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу