Енді қазақстандықтар ұшақ бортында да интернетті пайдалана алады

147

Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. 

Енді қазақстандықтар ұшақ бортында да интернетті пайдалана алады Фото: moskvichmag.ru

Сондай-ақ пойыз бен ұшақ жолаушыларына да интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Президент Қазақстан халқына Жолдауына үш жылда толыққанды цифрлық ел құру бойынша стратегиялық міндет қойған еді. Сондай-ақ 2026 жыл Жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған орай, Цифрлық кодекс жəне "Киберқауіпсіздік туралы" заң қабылданды. Биыл да цифрлық экономиканы нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленбек.

– Цифрлық экономиканың тиімділігі байланыс инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Былтыр осы бағытта барлық негізгі жоба іске қосылды. Жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Атап айтқанда, қосымша 1900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қол жеткізеді. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі, – деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент тапсырмасына сәйкес, былтыр желтоқсан айында барлық өткізу пункті интернетпен қамтылған. 

– Биыл "Қазақстан темір жолы" жолаушылар тасымалының барлық негізгі бағытында интернет қолжетімді болады. Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушысы бортында интернетті пайдалана бастайды, – деді сала министрі.

Азаматтардың қажеттіліктерін өтеумен қатар, бұл цифрлық инфрақұрылым Қазақстанның аймақтық цифрлық байланыс хабы ретіндегі көшбасшылық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

– Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Мысалы, Тәжікстанға трафик биыл беріледі. Келесі кезекте — Моңғолия мен Қырғызстан тұр. Ал Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан қазірдің өзінде оффтейк-келісімшарт ұсынып отыр, – деді Жаслан Мәдиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу