Кез келген банкте ипотекасы барлар табыс салығынан жеңілдік алып, жалақысын көбейте алады

480

Елімізде енді тек Отбасы банкте емес, өзге банкте де ипотекасы барлар да табыс салығы бойынша жеңілдік ала алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кез келген банкте ипотекасы барлар табыс салығынан жеңілдік алып, жалақысын көбейте алады Фото: canva.com

Осылайша, айлыққа қосымша ақша түсіруге болады. Алайда, мемлекет жеңілдікті ипотека алғандардың бәріне қолжетімді еткенмен, салықтан қайтарылатын қаражатқа шектеу қойып отыр.

Мәселен, сіздің айлығыңыз 400 мың теңге дерлік. Одан зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру, табыс салығы ұсталғанда қалтаға 316 мың теңге түседі. Ал ипотека төлеушіге берілетін шегерімді пайдаланса, бұл айлыққа кредиттің төлеу кестесіндегі сыйақы сомасының пайызына қарай қосымша қаржы қосылады.

Мысалы, сыйақы мөлшерлемесі 75 мың теңге болса, соның 10 пайызы, яғни, 7 500 теңге беріледі. Таза қолға алатын жалақы 324 мың теңге болады.

Бұл мүмкіндікті қаңтардан бастап өзге банктен ипотека алған азаматтар да пайдалана алады. Бірақ мемлекет игілікті ортақ еткенмен, салық жеңілдігі берілетін сомаға шектеу қойды.

"2025 жылы сыйақы мөлшерлемесіне салық шегерімі жаңа әдіспен жүзеге асырылады. Енді Салық Кодексінің 351-бабына сәйкес, 118 АЕК (463 976 тг) мөлшерінде 1 жылға шектеу қойылды. Мысалы, қарызды өтеу кестесіндегі сыйақы сомасы 100 000 теңгені құрайтын азаматтар жеңілдікті тек бірнеше ай ғана, яғни, қаңтар мен ақпан аралығында ғана пайдалана алады", – деді "Отбасы банк" АҚ баспасөз қызметінің өкілдері.

Ал, салық сарапшыларының пікірінше, шектеу қою асығыс жасалған шешім. Өйткені мұндай мүмкіндік барын қарыз алушылардың көбі енді біле бастаған еді дейді.

"118 айлық есептік көрсеткіштен қысқа мерзімде асады. Бұл мөлшерді қандай негізде бекіткенін түсіне алмадым. Салық есептелгенде кредиттің сыйақы сомасы шығыс ретінде саналады. Содан 10 пайызын жеңілдік ретінде шегеріп, сол ақша қайтарылады. Енді бұл шектеу сол сыйақы мөлшерлемесі 40 мың теңгеден жоғары барлық азаматқа қатысты болғалы тұр. Шектеудің болғаны жұмыс берушілерге ғана тиімді", – деді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Салыққа жеңілдік алу мүмкіндігі заңға сәйкес, ипотекасы барлардан бөлек көпбалалы отбасыларға, ұл-қызы ақылы негізде оқитын қызметкерлерге де беріледі.

Бірақ оған нақты кімдер қатыса алатыны, айлыққа қанша ақша қайтарылатыны бүгінше белгісіз. Бұған жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті әзірге толық жауап ұсынбаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу