Енді колледждер оқу-өндірістік әлеуетін тиімді пайдалана алады

410

37 колледждің базасында 66 шағын кәсіпорын жұмыс істейді.  

Енді колледждер оқу-өндірістік әлеуетін тиімді пайдалана алады Фото: liter.kz

Қазақстанда колледждердің оқу-өндірістік қызметін дамыту мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті өзгерістер "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы аясында Кәсіпкерлік кодекске енгізілді. 

"Бұған дейін колледждер оқу-өндірістік процесс шеңберінде өндірілген өнімді өткізе алғанымен, мемлекеттік колледждер қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімін алуға міндетті болатын. Енді бұл әкімшілік кедергілер жойылды. Жаңа мүмкіндіктер колледждерге оқу-өндірістік шеберханалардың әлеуетін тиімді пайдалануға, нақты тапсырыстарды орындауға және өндірістік бағыттарын дамытуға жол ашады. Студенттер оқу барысында нан өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, жиһаз және басқа да өнімдерді дайындауға қатысып, болашақ мамандығын нақты өндірістік ортада меңгере алады", – делінген ресми хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, мұндай қызметтен түсетін кірістер колледждердің жабдықтарын жаңартуға, оқу-өндірістік шеберханаларды жаңғыртуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталады.

Елдегі 37 колледждің базасында 66 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар 51 колледж үшін 38 бағыт бойынша қосымша қызмет түрлерін іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу