Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов таныстырды.
"Қаржылық қылмыстар экономикалық тұрақтылық негіздеріне шабуыл жасайды. Кәсіби жылыстатушылар өздерінің қылмыстық кірістерін заңдастыру үшін күннен күнге күрделене түсетін схемаларды қолданады, осы жұмысты қиындатады. және де заңнаманың жаңа сын-қатерлерге үнемі бейімделуін талап етеді", - деді агенттік өкілі.
Заңнамаға бірнеше өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
Біріншісі – Қаржылық мониторинг органдарының өкілеттіктерін күшейту.
"Заң жобасымен агенттікке қылмыстық кірістерді жылыстату және заңсыз қызметті қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізу жөніндегі міндеттеме жүктеледі. Бұл бізге қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және оларды жоспарлау кезеңінде қаржылық қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ұялы байланыс операторлары мен "Азаматтарға арналған үкімет" қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады", - деді агенттік төрағасының орынбасары.
Жеңіс Елемесовтің сөзінше, ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал "Азаматтарға арналған үкімет" нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлікпен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер бойынша ақпарат беретін болады.
Бұл құралдар күдікті операцияларды тиімдірек анықтауға және жолын кесуге ықпал етеді, деп түсіндірді ол.