Енді саяси партияларды тіркеуде 40 мың мүшесі болуы талап етілмейді

1385

Қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқаратын болады.   

Енді саяси партияларды тіркеуде 40 мың мүшесі болуы талап етілмейді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Саяси партиялар туралы" Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасымен саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету ұсынылады.

"Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді", – деді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Бұған қоса, заң жобасымен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшерінде квота енгізу туралы түзету бар. Бұл Мәжілісте қаралған қаралған сайлау туралы Конституциялық заң жобасының ережелерін іске асыруға бағытталған.

"Ұсынылып отырған заң жобалар әр түрлі алаңдарда мақсатты топтармен қаралды. Атап айтқанда, заң жобалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жекелеген мүшелерімен, жастармен және саяси партиялардың өкілдерімен кеңінен талқыланды. Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпалын тигізетін болады",  – деді министр.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасына қатысты пікір білдірді.

"Еліміздің саяси бағытын жаңғырту жолында тағы бір нақты қадам жасалды деуге болады. Бүгінгі мақұлданған заң жобаларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, көптеген маңызды өзгерістер енгізілді. Енді, саяси партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқаратын болады. Сонымен бірге, партиялардың сайлау тізімінде енді әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз міндетті квота қаралады. Осының барлығы еліміздің саяси-қоғамдық өмірі үшін маңызды өзгерістер болып саналады", – деді Мәжіліс төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу