Енді спортшы балалар полиция бақылауынсыз жарысқа жіберілмейді

330

Көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция бекітілмек. 

Енді спортшы балалар полиция бақылауынсыз жарысқа жіберілмейді Фото: kapital.kz

Енді спортшы балалар өзге өңірлердегі жарыстарға патрульдік полициямен бірге баратын болады. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуге тиіс. Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аудару керек. Спортшы оқушылар мінген көліктердің жол апатына түсіп, қайғылы жағдайларға алып келгені баршаға аян. Сондықтан тиісті келісулер, рұқсаттар болмаса және патрульдік полиция бастап жүрмесе, спортшы балалардың өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеуді тапсырамын", - деді Үкімет басшысы.

Ішкі істер, төтенше жағдайлар, оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдіктеріне бірқатар міндеттер жүктелді.

"Барлық ұйымдастыру мәселелері 1 маусымға дейін шешімін табуы керек", - деді Олжас Бектенов.

Айта кету керек, осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу