Енді зейнетақыны тағайындау кезінде жұмыссыз әкелердің декреттік демалысы да ескеріледі

77

Бүгін тиісті нормалар қабылданды.  

Енді зейнетақыны тағайындау кезінде жұмыссыз әкелердің декреттік демалысы да ескеріледі Фото: depositphotos.com

Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз бұл заң арқылы әкелердің де құқығын қорғап отырмыз. Қазіргі қолданыстағы жүйеде егер жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырса, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Алайда, дәл осы құқық әкелерге берілмеген. Біз бұл теңсіздікті жоюды ұсынамыз. Енді заң қабылданса, егер бала күтіміне әке шықса, бұл кезең оның да еңбек өтіліне қосылады", – деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл – тек әлеуметтік әділеттілік емес, сонымен қатар қоғамдағы отбасылық рөлдер мен ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін қалыптастыруға бағытталған қадам.

Бұдан бөлек заңда өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтау мәселесі де қаралған.

"Мысалы, жұмысшы жарақат алды дейік. Оның қаншалықты ауыр екенін дәрігерлер қалай анықтайды? Сіздер таң қаласыздар, бірақ дәрігерлер сонау 1994 жылғы, яғни ескірген Әдістемелік ұсынымдарды пайдаланады. Ал бұл – заң да, нормативтік акт те емес! Проблема неде? Нақты, бірыңғай стандарт жоқ. Бір жарақатты бір қалада ауыр десе, екіншісінде жеңіл деп бағалай салуы мүмкін. Ал жарақат алған сол жұмысшының алатын өтемақысының мөлшері, дәл осы медициналық қорытындыға тікелей байланысты", – деп түсіндірді мәжілісмен.

Осы мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтайтын нақты, бірыңғай Қағидаларды бекіту құзыреті беріледі.

"Франция, Канада сияқты елдерде бұл әлдеқашан стандартқа келтірілген сұрақ. Нәтижесінде дау-дамай азайып, әрбір жұмысшы жарақатына сай әділ өтемақы алуына мүмкіндік болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу