Энергетика министрі Қашаған үшін мұнайдың тиімді бағасын атады

1033

Энергетика министрі Қашаған үшін мұнайдың тиімді бағасын атады

Мұнай бағасы барреліне 50 доллар болған күннің өзінде де Қашаған кен орны Қазақстан үшін тиімді болмақ. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

"Біз әрбір санды тыңғылықты қадағалап отырмыз. Сондықтан бізге бұл тиімсіз, дұрыс емес деп тікесінен айту қажет. Өйткені, тіпті баррелі 50 доллар болса да Қашаған кен орнынан Қазақстан тек салық ретінде келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін 20-25 млрд  доллардан астам алады. Егерде баррель бағасы мәселен, 70 доллар болса, онда Қазақстан тек салық түрінде 46-47 млрд доллар ала алды. Егерде мұнай бірнеше жыл бұрынғыдай барреліне 100 доллар болса, онда бұл 75-76 млрд  долларды құрайды",  – деді министр.

Бозымбаев Қазақстан әлемдік мұнай өндіру нарығында зор үлес алмайтындығын баса айтты. Мәселен, әлемде тәулігіне 34 млн баррель мұнай өндірілсе, ондағы Қазақстанның үлесі не-бәрі 1,5 млн  тоннаны ғана құрайды. Ал әлемдік мұнай өндіру алпауыты ретінде Сауд Арабиясын, Ресейді, Иран, Бразилия мен Мексиканы айтуға болады.

"Біздің (мұнай өндіру көлемін) қысқартқанымыз немесе арттырғанымыз айтарлықтай үлкен рөл ойнамайды", – деді Бозымбаев.

Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Қашаған 75x45 шақырым аумақты алып жатыр. Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны саналады. Кен орнының коллекторы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Соңғы зерттеу деректеріне сәйкес, кен орынның мұнай қоры 913 миллиард баррель мұнайды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу