Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілістің жалпы отырысынан cоң NCOC компаниясының бөлім басшысы болған Бибігүл Шпанованың кісі қолынан қайтыс болуына байланысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Өкінішке қарай, бұл өте өрескел жағдай. Марқұмының отбасы мен жақындарына министр ретінде көңіл айтамын. Мен оны танымайтынмын. Бүгінгі таңда тергеу әрекеттері жүріп жатқанын білемін. Осы қылмысқа кінәлілер табылатынына, тиісті жолмен жазаланатынына сенімдімін. Қайғылы жағдай оның жұмысымен байланысты болды ма, жоқ па, ол туралы пікір білдіре алмаймын. Тергеу жұмыстары бәрін анықтайды деп ойлаймын. Бәлкім бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық болды ма, айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр, –деді министр Ерлан Ақкенженов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда NCOC қызметкері өз үйінде өлі табылғанын жазған болатынбыз. Қазір 46 жастағы әйелдің өлімі қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Шпанованың жүкті болғаны айтылады.