Энергетика министрлігі Екібастұздағы апатқа бейтараптық танытты

552

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Алматы әкімі Ерболат Досаев және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебін тыңдады. 

Энергетика министрлігі Екібастұздағы апатқа бейтараптық танытты Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысын қорытындылаған Мемлекет басшысы бірінші тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет екенін айтты.

"Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында болып жатқан апаттарға қатысты тиісті мекемелер қорытынды жасаған жоқ.

"Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар", - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды.

"Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу