2027 жылы энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 822,6 млрд теңге жұмсалады

123

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасының Жобалық кеңсе отырысында талқыланды.

2027 жылы энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 822,6 млрд теңге жұмсалады Фото: primeminister.kz

Қазақстанда 2027 жылы жылу, электр және су желілерін жаңарту жұмыстары жалғасады. Келесі жылға арналған жаңа және өтпелі жобалардың жалпы құны 822,6 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиында келесі жылға жоспарланған 366 жобаны іске асыру, оларды қаржыландыру және отандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту мәселелері қаралды. Қаражатты игеру қарқыны бойынша Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары алдыңғы қатарда.

Бұған дейін Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен тоғыз өңірдегі 135 жобаға мониторинг жүргізілген. Тексеру нәтижесінде сатып алу рәсімдерін оңтайландыру, желілерінің тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындарды жобаға кеңінен тарту және негізделген жағдайда құрылыс құнын қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Вице-премьер тиісті түзетулерді 15 желтоқсанға дейін дайындап, жыл соңына дейін Үкімет қаулысын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өңірлермен бірлесіп проблемалық мәселелерді апта сайын талдау міндеттелді.

2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша келісімшарттарды уақытылы рәсімдеу де назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта 106 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Алматы қаласы, Алматы және Атырау облыстарының әкімдіктері желтоқсанның соңына дейін барлық жоспарланған жобаға шарт жасасуы тиіс.

Отырыста коммуналдық кәсіпорындарды қаржыландыру тетіктері де талқыланды. Олардың несие ресурстарына қолжетімділігін арттыру үшін субсидиялау және банктік реттеу қағидаларына өзгерістер енгізу көзделген. Қаржы ұйымдары қажетті түзетулер қабылданғаннан кейін мақұлданған жобаларды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев субсидиялау қағидаларына қатысты өзгерістерді үш күн ішінде тіркеуді тапсырды.

Ұлттық жобада отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыруға да басымдық беріліп отыр. Электрондық платформада материалдар мен жабдықтарға қатысты 3 мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылып, қазақстандық кәсіпорындармен 120 келісімшарт жасалған.

Сонымен бірге 18 өңірдегі 75 жобаға жүргізілген мониторинг барысында 14 нысанда отандық өнімді пайдалану талаптарының сақталмағаны анықталды.

Вице-премьер бақылауды күшейтіп, қазақстандық өндірушілердің өндірістік мүмкіндіктерін, өнім бағасы мен жеткізу мерзімдерін ескере отырып, олардың жобаларға қатысуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

"Алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді орындауға әлі де уақыт бар. Ойын ережелерін нақты айқындап, қолда бар барлық цифрлық құралдарды қолданып, қателіктерге жол бермеуіміз керек", – деді Қанат Бозымбаев.

2027 жылы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында электр желілерін реконструкциялау жоспарланған. Бұл жұмыстарға кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары және өзге де жабдықтар қажет.

Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңірлердің келесі жылға қажетті материалдары мен жабдықтары туралы мәліметтерді 1 қаңтарға дейін жариялау тапсырылды. Бұл отандық кәсіпорындарға өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ұлттық жобаның орындалуы мен берілген тапсырмалардың нәтижесі желтоқсан айында өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу