Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленіске пікір білдірді

1589

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы қақтығысқа қатысты пікір білдіріп, болған қайғылы оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынасқа орны толмас залал келтірмеді деген үмітін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.

Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленіске пікір білдірді Фото: en.kremlin.ru

"Түркия Әзербайжанмен де, Ресеймен де терең дипломатиялық және стратегиялық қатынастарға ие. Біз бұл шиеленісті мұқият бақылап отырмыз және барша тарапты сабыр сақтауға шақырамыз. Бұл қайғылы оқиғалар Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасқа орны толмас залал келтірмеді деген үміттеміз", – деді Түркия басшысы.

Ердоған бұл мәселені шешуге екі тарап түсіністік танытатынына сенім білдірді.

"Біз бұл мәселені шешу үшін жасалуға тиіс қадамдарды қолдаймыз. Басты мақсатымыз - тұрақтылыққа жету жолында көп күш жұмсалған аймақта кенеттен шиеленіс туындауына жол бермеу. Кавказ тағы бір қақтығысты көтере алмайды", – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Зәңгезур дәлізін іске асыру және Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімге қол жеткізу мәселесіне де назар аударды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу