Ердоған сыйға тартқан кітаптың идея авторы Қазақстанда марапатқа ие болды

164

Президент "Тәуелсіздіктің 35 жылдығы. Түркия-Қазақстан қатынастары" кітабының идея-авторын наградтады.  

Ердоған сыйға тартқан кітаптың идея авторы Қазақстанда марапатқа ие болды Фото: aa.tr

"Тәуелсіздіктің 35 жылдығы. Түркия-Қазақстан қатынастары" атты кітапты құрастырған әрі идея авторы Түркияның Әділеттілік және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары – Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлу ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Еске салайық, аталған кітапты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған 14-15 мамыр аралығында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында алғашқы болып ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған болатын. 10 академик пен автордың ғылыми-талдамалық материалдары топтастырылған және қазақ, түрік тілдерінде жарық көрген жинақ-кітап қазір цифрлық платформаларда қолжетімді.

Айта кетейік, кітаптың алғы сөзін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі жазды.

– Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар алдағы кезеңде одан әрі нығайып, тереңдей түсетініне сеніміміз мол. Осындай еңбектер өзара түсіністікті күшейтіп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ортақ тарих пен болашаққа деген көзқарасты нығайтатын маңызды міндет атқаратыны сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы көпжақты ынтымақтастық тетіктері арқылы екіжақты өлшемнен асып түсті. Қадірлі бауырым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген көшбасшылығының арқасында бұл қатынастар өзара күш-жігеріміздің нәтижесінде жаңа серпінге ие болды, – деп атап өтті Ердоған кіріспе сөзде.

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Күршад Зорлуды ІІ дәрежелі "Достық" медалімен марапаттады. Күршад Зорлу Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық байланыс алдағы уақытта да нығая беретініне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу