Ердоғанның қатысуымен TEKNOFEST 2025 фестивалі өтуде

188

1-4 мамыр аралығында Лефкошада TEKNOFEST 2025 фестивалі өтіп жатыр. Әлемдегі ең ірі инновация, авиация және жаңа технология фестиваліне 22 елден 1000-нан астам қатысушы жиналған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ердоғанның қатысуымен TEKNOFEST 2025 фестивалі өтуде Фото: TEKNOFEST

Фестиваль Түркияның T3 технологиялық қоры мен Өнеркәсіп және технология министрлігінің ұйымдастыруымен, мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар және университеттердің қолдауымен өтуде.

Бағдарлама жасанды интеллект, инжиниринг, туризм, білім беру және тұрақты инновациялар сияқты маңызды салаларды қамтиды.

Бүгін Технофест алаңына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы келді. Ол инновация, технология, жасанды интеллект бағыттары бойынша стартап жоба ұсынған үздік жастарды марапаттап, жетістіктеріне жоғары баға беріп: "Ел дамуына мықты технологиялық серпін беретін әрбір жасқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Біз сіздермен мақтанамыз", – деді.

Сонымен қатар, президент өз сөзінде: "Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттары технологиясы бойынша әлемдегі алдыңғы үш елдің қатарында. Біз бұл бағыттағы жұмысты сол қарқынмен әрі табандылықпен жалғастыра береміз", – деген.

"TEKNOFEST – бұл болашаққа деген инвестиция. Фестивальде жастар өте көп. Шараға келген әр бала жаңа технология, заманауи инновацияларды көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Мысалы, бүгін ұшақты көрген бала, ертең ғарыш бағдарламасын жасап шығарады. Дәл осы жастар әлемді өзгертеді", – деді TEKNOFEST төрағасы Сельджук Байрактар.

Ол жоғары технологиялар мен жасанды интеллекттің жаңа әлемді қалыптастырудағы рөліне де тоқталды.

Биылғы фестивальге 47 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Финалға 268 командадан 1 083 қатысушы өткен. Байқаулар алты негізгі бағыт пен 13 санатты қамтиды. Oлардың қатарында аэрокосмостық технологиялар, робототехника, бағдарламалау және басқа да заманауи салалар бар.

Финалға шыққан командалар қатарында Қазақстан жоқ. Дегенмен T3 қорының басқарма төрайымы Эльван Кузуджу Хыдыр алдағы жылы қазақстандық стартаптар мен командалардың саны артады деген сенім білдірді.

Оның айтуынша, жақын арада Қазақстанмен бірлескен іс-шаралар өтеді, сонымен қатар T3 қорының Қазақстанға сапары жоспарланған.

"Біз қазақстандық жастардың әлеуетіне сенеміз. Келесі жылы фестивальде олардың жобаларын көреміз деп үміттенеміз", – деді ол.

Фестиваль Эрджанның бұрынғы әуежайы аумағында өтіп жатыр. Мұнда 116 стенд орнатылған. Келушілер Bayraktar AKINCI, TB2, HÜRKUŞ, ANKA, AKSUNGUR ұшқыш аппараттары мен ATAK тікұшағының әуеде көрсетілімін, сондай-ақ Turkish Stars және SOLOTÜRK ұшқыш топтарының шоуын тамашалай алады. Фестивальдің ұраны – "Жер үстінде қалықтаған жалғыз фестиваль". Яғни мұнда шын мәнінде солай екенін көруге болады.

TEKNOFEST алғаш рет 2018 жылы өткізілген. Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы технологиялық әріптестіктің тереңдеуі де маңызды.

2024 жылы Baykar Defence компаниясы Қазақстанда дрондар мен оқ-дәрілерді бірлесіп өндіру бойынша келісімге қол қойды.

Келісім SAHA EXPO-2024 көрмесінде жасалып, екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу