Ерейментау кірпіш зауытының жұмысшылары еңбекақыларын ала алмай жүр

1426

Ерейментау кірпіш зауытының жұмысшылары еңбекақыларын ала алмай жүр

Екі жыл бұрын іске қосылған Ерейментау кірпіш зауытының 150-ге жуық жұмысшысы еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

39 жастағы Мәди Жанбаев көп балалы әке. Былтыр кірпіш зауытында еңбек еткен ол қазір жұбайының жалғыз жалақысына қарап отырғанын айтады. Ал үйдің кенже екі ұлы бірнеше айдан бері балабақшаға барудан қалған. Ақысын төлей алмаған ата-анасы оларды үйге қамап кетуге мәжбүр. Қарызға белшесінен батқан отбасы енді баспанасындағы бар жиғанын сатудан басқа амал таппай отыр.

"Қызым студент, ай сайын ақшасын төлеу керек оған. Төлейтіндей жағдай болмаса да қарызға кіріп, төлеп жатырмыз. Азық-түлікті дүкеннен аламыз. Қашан жалақымызды береді белгісіз. Осы дүкенде қарызымыз жетерлік. Ал банктегі несиемді жабу үшін үйдегі теледидарды сатуға тура келді", – дейді пеш салушы Мәди Жанбаев.

Кірпіш зауытында еңбек еткен өзге жүз елуге жуық жұмыскердің үйінде де жағдай осындай. Үш айлық жалақысын ала алмаған олар бірнеше мекемеге хат жазғанымен, еш өзгеріс болмаған. Ал, былтыр күзде зауыт жұмысын тоқтатқан басшылары енді оларды кеңсеге де кіргізбейтін көрінеді. 50 жастағы Арман Досқожаевтың айтуынша, зауыт оған жарты миллион теңгедей берешек.

"Зауыт маған 423 мың теңге қарыз. Кіргенде үлкен бастықтар бізді қабылдамайды. Қаржы директорға бардық. Бірақ ол кісі ештеңе шеше алмайтынын айтып акционерлерге сілтейді. Қазір мүлдем бізді кіргізбейді. Мына қақпа жабық, – дейді ол.

Жұмысшылардан шағым алған облыстық еңбек басқармасы болса, зауытты бір емес бірнеше рет тексерген. Іске кіріскен Екібастұз қалалық прокуратурасы зауыт басшылығына ескерту жасап, 2 рет айыппұл да салынған. Бұл жайт жақын күндері шешілмеген жағдайда қылмыстық іс қозғалып, мәселе сот арқылы шешімін таппақ.

"Былтыр зауыттың жұмысшыларына 19 миллион теңге қарыз екені анықталған болатын. Шағым қайта түскендіктен, кезекті тексеріс жүргізілді. Бүгінде кәсіпорын қызметкерлеріне 38 миллион теңге берешек. Мекеме басшыларымен байланысқа шықтық. Жалақы жақын күндері берілуі тиіс", – дейді  Екібастұз қалалық прокуратурасы бөлімінің басшысы Данияр Ысқақов.

Айта кетерлігі, Ерейментау кірпіш зауытында қазір жұмыс тоқтаған. Жылына 50 миллион кірпіш шығаруға қауһарлы кәсіпорынның кейін ісі өнбей, қарызға белшесінен батқанға ұқсайды. Кеңселерінен табылмаған зауыт басшылары бұл жағдайға қатысты сұхбат беруден бас тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу