"Ерекше баланы қорлаған": Алматыдағы коррекциялық орталыққа қатысты тергеу басталды

Мекеме қызметкерінің дөрекі қарым-қатынас жасағаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

"Ерекше баланы қорлаған": Алматыдағы коррекциялық орталыққа қатысты тергеу басталды Фото: Бейнежазбадан

Бейнежазбада оның баланы жұлқып, айқайлағаны байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Баланың анасы бұл видеоны тәрбиешінің өзі есеп ретінде жібергенін айтады. Оның болжамынша, қызметкер бейнежазбада баламен қарым-қатынас жасау кезіндегі әрекеттері көрініп қалғанын аңғармаған болуы мүмкін.

– Менің балам – ерекше бала. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, оған не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап, өзін сөзбен қорғай да алмайды. Біз балаларымызды мамандарға дәл осы себепті сеніп тапсырамыз. Бірақ баланың қауіпсіздігіне жауапты ересек адамның өзі оған зиян келтірсе, оны кім қорғайды? Біз қорқытып, қорласын деп емес, қамқорлық, даму және кәсіби көмек үшін ақша төлейміз. Баламызды сеніп тапсырған жеріміз оны ренжітіп, ұрып-соғып, балағаттап, қорлайтын орынға айналды, – деп жазды баланың анасы әлеуметтік желіде.

Анасының сөзінше, ұлының мінез-құлқындағы өзгерістерді ол осыдан бір айдай уақыт бұрын байқай бастаған.

Оқиғаға байланысты Алматы қаласының Бостандық аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.

– Алматы қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты дұрыс қарамау фактілеріне ерекше назар аударады. Аталған факті бойынша тергеу басталды. Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерделеп, оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ маман мен коррекциялық орталық басшылығының әрекеттерін анықтап жатыр, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, тексеру қорытындысында оқиғаға қолданыстағы заңнама аясында құқықтық баға берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу