Ереванда ереуілдер өтіп жатыр

1062

Бас көтергендер жергілікті университеттерге кіріп, студенттерді ереуілдетуге үндеді.  

Ереванда ереуілдер өтіп жатыр

Премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп отырған оппозиционерлер Ереванның бірқатар жоғары оқу орындарының жанында наразылық акцияларын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Sputnik Армения агенттігіне сілтеме жасап.

24 ақпанда жас ереуілшілер Ереван мемлекеттік университетінің ғимаратына кіріп, "Николсыз Армения" деп ұрандатты. Олар аудиторияларға кіріп, студенттерді бас көтеруге үндеді.

Содан кейін ереуілшілер экономикалық университетке аттанды. Олар ғимаратқа негізгі кіреберіс арқылы кірмек болып еді, бірақ полиция бұған жол бермеді. Дегенмен наразылық білдірушілер басқа кіреберіс арқылы университетке енді.

Пашинян 2020 жылдың қарашасында Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойғаннан кейін, Ереванды ереуілдер шарпыған еді. Бас көтергендер үкімет басшысының отставкаға кетуін талап етуде. Тіпті армян шіркеуінің екі бас иерархы да осындай көзқарас танытып отыр. Оппозициялық күштер болса, үкіметтің бұрынғы басшысы Вазген Манукянды қайтадан осы лауазымға тағайындауды ұсынды. Желтоқсан айының соңында Пашинян саяси күштерді 2021 жылы өтетін кезектен тыс парламенттік сайлауға қатысты мәселелерді талқылауға шақырған еді. Алайда оппозиция сайлауға дейін Пашинян қызметінен кетсін деп отыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу