Ерлан Қарин: Қазақстан Республикасы қызметінің ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді

Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында сөз болды. 

Ерлан Қарин: Қазақстан Республикасы қызметінің ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді Фото: Конституциялық сот

Мемлекеттік хатшы Жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жарты жыл бойғы еңбектің қорытындысын қабылдайтын сәт жақындағанын айтқан Ерлан Қарин Конституцияда ашық талқылаулар арқылы өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-маңызын айтып берді. 

– Кеше Жеңіс Махмұтұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары туралы бапқа қатысты ұсыныс айтқан болатын. Бұл – өте маңызды бап, – деді ол.

Мемлекеттік хатшының сөзінше, жаңа нұсқаның 1-бөлімі 3-бабы енді былай деп жазылған: "Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпы ұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау.

– Байқап отырғанымыздай баптың ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді. Бұл – мүлдем жаңа бап. Яғни, бұл норма жаңа преамбуламен үндесіп тұр. Сондықтан оны Конституцияның жаңа редакциясындағы преамбуламен қатар маңызды норма деп айтуға болады, – деді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу