Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты белгіленеді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жаңа Конституцияда қоғамдағы жаңа құндылықтар айқындалып отыр. Осы күндері әлеуметтік желілерде де, ақпарат құралдарында да кей азаматтардың "Жаңа Конституция неге керек? Қандай қажеттілік болды?" деген сұрақтарын көреміз. Себебі мемлекет өзгерді, қоғам өзгерді. Соңғы жылдардың өзінде қоғамдық санада үлкен өзгерістер болып жатыр, қоғамдық менталитет өзгеріп жатыр. Соның нәтижесінде жаңа қоғамдық сұраныс, жаңа талаптар пайда болуда. Жаңа Конституция осы талаптар мен сұраныстарға жауап береді", − деді Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның кезекті отырысында.
Оның сөзінше, дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты белгіленеді. Жаңа мәтінде мемлекеттің зайырлық сипаты нақты бекітілген.
"Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында "Дін мемлекеттен бөлек" деп анық жазылған. Өз кезегінде 30-бапқа "Рухани-діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінде білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлық сипатқа ие" деген жаңа норма қосылып отыр. Бұның барлығы мазмұн жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім. Тағы бір қоғамдағы талаптың бірі − жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу әрекеттеріне деген алаңдаушылық. Сондықтан Конституцияда некенің ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одақ екені алғаш рет бекітілуде", − деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғарғы құқықтық деңгейде қорғауға бағыттайтынын жеткізді. Екінші жағынан, бұл әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді.
"Әйелдердің құқығын қорғау − соңғы жылдардағы қоғамдағы үлкен талап-сұраныстардың бірі. Жаңа Конституция бұл сұраныстарға да жауап береді. Яғни, дәстүрлі құндылықтарды қорғау адам құқықтарына қарсы емес, керісінше олармен үйлесімді ұштастырып отыр", − деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары.